Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

11:41 9.11.2020

Байтанаев: Алматы қаласына блокбекеттер қойылмайды

Алматы қаласында эпидемиологиялық ахуал тұрақты болғандықтан әзірге қаланы жауып, блокпост қою жоспарда жоқ. 9 қарашада денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев осылай деп хабарлады. Бұл ақпаратты жергілікті БАҚ жариялады.

Алматыда күн сайын орташа есеппен 30-ға жуық адамнан коронавирус инфекциясы анықталып жүр. Қазір республикада тәуліктік көрсеткіш бойынша Шығыс Қазақстан облысы (күн сайын 200-ден астам науқас анықталады) алда тұр. Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында науқастар көбейіп келеді. Аталған облыстарда карантин күшейген.

09:42 9.11.2020

Қазақстанда тағы 46 адам коронавирус пневмониясына шалдықты

8 қарашада Қазақстанда 46 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Бір күнде 44 адам жазылды. Тәулік ішінде аурудың осы түрі бойынша адам өлімі тіркелмеген.

Қазақстан билігі ПТР-тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тамыздың басынан 8 қарашаға дейін 39 104 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған: 29 мыңнан астамы адам жазылған, 409-ы қайтыс болған.

Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған науқастар арасында 6 адам өлімі тіркелген. 13 наурыз бен 8 қараша аралығында 116 мыңнан аса адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған, 1899-ы қайтыс болған.

Қазір 7 030 адам коронавирустан емделіп жатыр, 375-і - бала. 2 813 науқас стационарда ем қабылдап жатыр, 190 науқастың ахуалы нашар, 20 адамның жағдайы - өте ауыр, 27 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

Қазақстан коронавирус пневмониясы есебін жүргізгенімен, оны Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Вирус жұқтырғандардың дүниежүзілік картасында әдетте Қазақстанның ресми дерегі көрсетіліп, коронавирус пневмониясының сандары айтылмайды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның екі дерегін біріктіріп көрсетіп отыр. Екі деректі қосқанда Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар ресми мәліметте көрсетілгендей 116 мың емес - 156 мыңға жуықтайды.

Covid өлімі статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.

9 қарашадан бастап Қазақстанның төрт облысында (Павлодар, СҚО, Қостанай және Ақмола облыстары) карантин шаралары күшейіп, блокпостар қойылды.

07:28 9.11.2020

Өткен тәулікте 610 адамға коронавирус жұққаны анықталды, 175 адам жазылды

8 қарашада Қазақстанда 610 адамға коронавирус жұққаны тестпен дәлелденді. Бір күнде 175 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 9 қараша таңертең таратқан хабарламасында осындай ақпарат жазылған.

Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (254) тіркелген. Павлодар облысында - 61, Қостанай облысында - 60, Батыс Қазақстан облысында - 45, Солтүстік Қазақстан облысында 42 адамнан коронавирус табылған. Маңғыстау, Қызылорда облыстарында науқас тіркелмеген.

Қазақстанда наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталғандар саны 116 772 адамға жетті. 108 мыңға жуығы жазылған. Наурыз айынан бері кемінде 1893 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам өлімі енгізілмеген.

Коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы дерегі де қосылмай отыр. Диагнозы тек ауру белгілері бойынша қойылатын коронавирус пневмониясы 39 мыңнан астам адамнан анықталған, 409 адам қайтыс болған. Үкімет коронавирус пневмониясы дерегінің аймақ бойынша бөлінісін де жүйелі түрде жарияламайды.

12:19 8.11.2020

Өткен тәулікте (7 қараша) Қазақстанда ПТР тесті негізінде коронавирус жұқтырған 723 адам анықталды. Оның 353-і Шығыс Қазақстан облысында.

Аймақтар бойынша көрініс мынадай:

  • Нұр-Сұлтан қаласы – 49;
  • Алматы қаласы – 28;
  • Шымкент қаласы – 6;
  • Ақмола облысы – 43;
  • Ақтөбе облысы – 8;
  • Алматы облысы – 11;
  • Атырау облысы – 5;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 353;
  • Жамбыл облысы – 4;
  • Батыс Қазақстан облысы – 43;
  • Қарағанды облысы – 17;
  • Қостанай облысы – 57;
  • Маңғыстау облысы – 3;
  • Павлодар облысы – 63;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 32;
  • Түркістан облысы – 1.

Жалпы елде вирус жұқтырған 116 162 адам тіркелді. Бұл статистикаға дәрігерлер «коронавирус инфекциясы белгілері бар пневмония» деп тіркеген 39 058 адамды қосу керек. Қазақстан мұндай науқастарды 1 тамыздан бастап қана санаққа алып жүр. Бұған дейін ауырғандар санаққа кірмей қалған.

Денсаулық сақтау министрлігі өткен тәулікте «коронавирусқа ұқсас пневмониямен» ауырған 176 адамды тіркеді, бір кісі қайтыс болды, 59 адам жазылды.

Індеттен көз жұмғандар саны да артып барады. Ресми мәлімет бойынша, Covid-тен 2302 кісі қайтыс болған. Олардың 409-ы - «пневмониядан» қайтқандар.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG