Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

12:09 25.12.2020

Тегеран: АҚШ Иран вакцина сатып алуы үшін шетелдік валюта қорын жұмсауға рұқсат берді

АҚШ Иран вакцина сатып алуы үшін шетелдік валюта қорын пайдалануға рұқсат берді. 24 желтоқсанда Иран орталық банкінің басшысы осылай деп хабарлады. Бұған дейін Вашингтонның санкциясы Иран банктеріне шет елдермен трансфер жасауға мүмкіндік бермеген еді.

Абдолнасер Хемматидің айтуынша, АҚШ қаржы министрлігіне қарасты шетел активтерін бақылау жөніндегі басқарма (OFAC) қаражатты швейцариялық банкке аударуды мақұлдаған. Хемматидің сөзінше, Иран Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVAX жоспары аясында вакцинаның 16,8 млн дозасын сатып алу үшін шамамен 244 млн доллар төлеуі тиіс.

Абдолнасер Хеммати.
Абдолнасер Хеммати.

Бұған дейін Иран шенеуніктері АҚШ санкциясы COVAX жоспарына сәйкес, төлем жасауға мүмкіндік бермей отыр деп мәлімдеген. АҚШ "халықаралық қауымдастықтың қысымымен ақша аударуды мақұлдауға мәжбүр болды" деді Хеммати мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында.

Осының алдында банк басшысы Instagram-дағы парақшасында трансфер жасау мақұлданғанын хабарлаған, бірақ жай жапсарына тоқталмаған еді.

АҚШ қаржы министрлігі ақша аударуға рұқсат бергені жайлы ақпаратты әзірге растамады.

Иранда коронавирус жұқтырғандар 54 мыңнан асқан. Иран Таяу Шығыста коронавирустан қатты зардап шеккен ел.

11:20 25.12.2020

Covid: Қазақстан вирустың тарауы бойынша "сары аймақта" тұр

Қазақстанда соңғы күндері бір күнде мыңға жуық адамнан коронавирус пен пневмония анықталып жүр. 25 желтоқсан күнгі ақпарат бойынша, "қызыл аймақта" – Атырау облысы, "сары аймақта" – Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары тұр. Қалған аймақтар – "жасыл аймақта".

Коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандарды бірге есептегенде науқастар 195 мыңнан асқан.

10:18 25.12.2020

Бір күнде коронавирус пен пневмониядан 14 адам қайтыс болды

24 қарашада Қазақстанда 154 адамнан коронавирусқа ұқсас пневмония анықталған. Бір тәулік ішінде Covid пен коронавирус пневмониясынан 14 адам (3-і – коронавирус пневмониясынан, 11-і коронавирустан) қайтыс болған.

Коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандардың ПТР-тесті әдетте теріс нәтиже көрсетеді, бірақ дәрігерлер ауруды клиникалық белгілері бойынша анықтайды. Денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бері пневмонияның бұл түріне жеке код беріп, бөлек есептей бастаған. Содан бері 45 105 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 486 адам қайтыс болған. Министрлік әлі күнге дейін аймақтағы пневмония ахуалы жайлы мәліметті бермей келеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандарды бірге есептеуге кеңес бергенмен Қазақстанда бұл екі мәлімет бөлек есептеліп, бөлек таратылады. Кейбір мамандар мұны науқастар санын азайтып көрсету талпынысы деп атайды. Бірақ билік бұл тұжырыммен келіспейді. Екі көрсеткішті қосқанда Қазақстанда науқастар 195 303 адамға жеткен.

Наурыз айынан бері 150 198 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталған. Басым бөлігі жазылған. 2229 адам қайтыс болған.

Осыған дейін кейбір тәуелсіз ұйымдар Қазақстан билігінің коронавирус статистикасына күмән келтірген.

08:57 25.12.2020

Қазақстанда "пневмонияны" қоспағанда вирус жұқтырғандар 150 мыңнан асты

24 желтоқсанда Қазақстанда 736 адамға коронавирус жұққаны тестпен дәлелденді. Ең көп науқас елдегі ең ірі қала – Алматы қаласында (95) тіркелді.

Павлодар облысында 93 адамнан коронавирус анықталған. Ресеймен шекаралас бірнеше аймақта ауру өсімі әлі де жоғары. Кейінге кезде бұл аймақтарда күніне шамамен 30 науқас анықталатын. Бірақ бейсенбі күні Қостанай облысында – 65, Атырау облысында – 62, Солтүстік Қазақстан облысында – 61, Шығыс Қазақстан облысында 61 адамның ПТР-тесті оң шыққан.

Нұр-Сұлтанда – 60 науқас, Ақмола облысында 58 адамға вирус жұққаны анықталған.

Наурыз айынан бері Қазақстанда 150 198 адамға Covid жұққаны тестпен расталған, 2 218-і қайтыс болған. Бұл мәліметке 1 тамыздан бері есептеліп келе жатқан коронавирус пневмониясына шалдыққандар енбеген. Денсаулық сақтау министрлігі аймақтағы коронавирус пневмониясы туралы мәлімет жарияламады.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Қазақстанда 195 мыңнан астам адамға коронавирус жұққан. (Зерттеу институты Covid пен коронавирус пневмониясы статистикасын біріктірген).

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG