Accessibility links

Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.
Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

  • Украинада шайқас жүріп жатқан аймақтардан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридорлар ашылды. Коридор ашуды екі тарап келіссөз кезінде келіскен.
  • Украина Ресей 12 мың әскерінен айырылды деп отыр.
  • АҚШ Ресей мұнайынан бас тартады.
  • Украинадан соғыс басталғалы екі миллион адам елден кетуге мәжбүр болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Киевте екенін мәлімдеп, бірнеше видео жариялады.
  • Британиялық Shell мұнай-газ компаниясы ресейлік жобалардан шығатынын, Ресейден мұнай шикізатын алмайтынын мәлімдеді.
  • Жапония мен Австралия да Ресейге санкцияны күшейтті.
14:53 6.3.2022

БҰҰ: Кейінгі 10 күнде Украинадан 1,5 миллион босқын қашқан

"Кейінгі 10 күнде Украинада көрші елдерге 1,5 миллион босқын өткен. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Еуропадағы ең жылдам үдеп бара жатқан миграция дағдарысы" деді БҰҰ босқындар жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди.

13:30 6.3.2022

Азаттықтың Орыс қызметі Ресейдегі қызметін тоқтатты

Азаттықтың Мәскеудегі бюросы. 6 сәуір 2021 жыл.
Азаттықтың Мәскеудегі бюросы. 6 сәуір 2021 жыл.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы Ресейдегі бюросының қызметін тоқтатты. 4 наурыз күні Ресей федералды салық қызметі Мәскеудегі арбитраж сотына жүгініп, бюроны мәжбүрлі түрде банкрот деп жариялауды талап етті. Кейінгі уақытта бюро қызметкерлеріне қысым күшейе түскен.

Медиакорпорация басшылығының айтуынша, бұл қадам Ресей билігінің Азаттық радиосына қарсы көп жылғы науқанының шарықтау шегі болып отыр. Мәскеудегі бюро 1991 жылы елдің сол кездегі президенті Борис Ельциннің шақыруымен ашылған.

Владимир Путин 4 наурыз күні қол қойған заң журналистерге қауіп төндіреді. Бұл заң аясында "Ресей әскері туралы жалған ақпарат" таратты деген адам 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал Мәскеу Ресейдің Украинаның басқыншылығын "соғыс" емес, "әскери операция" деп атап, бұған баспасөз құралдарын қудалауға көшкен. Ал жаңа заң аясында Украинадағы жағдайды "соғыс" деп атау қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сол себепті Азаттық радиосы Мәскеудегі бюросын жауып, Ресей туралы хабарды шетелден таратуға көшеді. Медиакорпорацияның баспасөз хабарламасында осылай жазылған.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосының бұл шешімі мәжбүрлі түрде жасалды. Оған Путин режимінің шындыққа шабуылы түрткі болды. Ресей билігі азаматтарды Кремльдің Украинаға қарсы соғысы туралы шындықты білу мүмкіндігінен айыруға жан таласа отырып әділ журналистерді отанының сатқыны деп жариялап отыр. Біз қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, аудиториямызға Ресейдегі оқиғалар туралы ақпаратты беруді жалғастыра береміз. Жағдай ауыр. Бірақ 70 жылдық тәжірибемізге сенсек, Ресейдегі тілшілер қосынын қайта ашатын мүмкіндік туады және ол көп күттірмеуі де ықтимал. Уақыт еркіндік жағында, Путиннің Ресейі үшін де" деді корпорация президенті Джейми Флай.

Өткен аптада Ресей аумағында Азаттық радиосы Орыс қызметінің 9 сайты бұғатталды. Оның ішінде Орыс қызметі, Татар-бәшкір қызметі, Север.реалии жобасы, "Настоящее время" телеарнасы да бар. Роскомнадзор оларды Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысы туралы ақпаратты өшіруден бас тартқаны үшін бұғаттады. Билік органы мұндай шараны өзге де тәуелсіз ақпарат құралдарына қолданды. Олардың арасында жергілікті және шетелдік БАҚ бар. Ресейліктер үшін Facebook пен Twitter де жабылды.

Орыс қызметінің банкрот деп жариялануына формалды себеп – компанияның Ресей үкіметі салған айыппұлды төлеуден бас тартуы. Мәскеу Азаттықтың Орыс қызметін "шетел агенттері" тізіміне қосқан. Ресей заңы бойынша, бұл тізімге кірген ақпарат құралдары әрбір журналистік материалының алдында "шетел агенті" екенін ескертіп отыруы керек. Медиа компания бұл талапты әділетсіз әрі заңдық негізі жоқ деп санап, оны орындаудан бас тартты. Роскомнадзор 2021 жылғы қаңтардан бері Азаттық бюросына 13 миллион доллар айыппұл салып, Орыс қызметіне жұмыс істейтін 18 журналисті "шетел агенті" тізіміне жеке тұлға ретінде кіргізді.

12:54 6.3.2022

Украина қарулы күштерінің бас штабы: 24 ақпаннан бері Ресейдің 11 мың әскери қызметкері қаза тапты

12:34 6.3.2022

Шымкентте Украинаны қолдауға шыққан белсендіні полиция ұстап әкетті

6 наурыз күні Шымкент қаласы әкімдігінің алдына Украинаны қолдайтынын айтып келген белсенді Ермек Қонышбаевты полиция ұстап әкетті. Белсендіні не себепті ұстағаны жөнінде полициядан түсініктеме алу мүмкін болмады.

Жексенбі күні күндіз Алматыда бірнеше мың адам қатысқан Украинаны қолдау митингісі өтіп жатқан кезде Ермек Қонышбаев Шымкент әкімдігі алдындағы алаңға Ресейдің Украинаға басқыншық әрекетіне қарсылық білдіру үшін барған. Шамамен жарты сағаттан соң оны полиция күшпен ұстаған. Ол бұл жөнінде Facebook парақшасында тікелей эфирде хабарлап үлгерді.

Полициядан белсендіні не себепті ұстағаны жөнінде ақпарат алу мүмкін болмады.

Бұдан бөлек 6 наурызда Шымкентте белсенді Оралбай Біләловтің үйін полиция күзетіп тұрғаны хабарланды. Біләлов үйін күзеткен полицейлерге “соғысқа қарсылығын айту үшін шығатыны” айтқан. Бірақ полиция оны үйінен шығармаған.

Жексенбі күні белсенділер түсте қала әкімдігіне барып, Украинаны қолдайтынын айтпақ болған. Бірақ қалада қандай да бір митингінің болғаны жөнінде ақпарат жоқ. Әкімдік маңында полиция күзеті күшейді.

Алматыда "Сарыарқа" кинотеатрының алдында өткен Украинаны қолдау митингісіне бірнеше мың адам жиналды. Митингіде сөйлегендер Украинаға басып кірген Ресейдің агрессиясын айыптап, Қазақстан Ресей құрған одақ, ұйымдардың барлығынан шығуы тиіс деді.

Ресей президенті Владимир Путин 24 ақпанда Украинаға әскерін кіргізіп, түрлі нысандарды атқылай бастаған. Содан бері мыңдаған адам опат болды, 1,2 млн адам өзге елдерге босып кетті. Қаза болғандар арасында бейбіт тұрғындар бар.

Батыс елдері Кремльдің әрекетін қатаң айыптап, санкция салды. Украинадағы әскери қылмыс бойынша халықаралық дәрежеде зерттеу басталды.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG