Қырылған мал, құрыған жайылым, ауыл халқын шығынға батырған өрт

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы өртенген дала. 8 қазан, 2024 жыл.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында алапат өрт болып, мал қырылып, жайылым жарамсыз болып қалды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өртенген аумақ 35 мың гектардан асып кетті. Өрт сөндіру кезінде 33 жастағы құтқарушы Хали Хайрат қаза тауып, бірнеше адам зардап шекті. Үш күннен кейін, 9 қазанда ТЖ қызметі өрт толық өшірілді деп мәлімдеді. Азаттық өрт болған жерге барып қайтты.

Қарқаралы ауданына таң ата келіп кірдік. Күздің қоңырсалқын ауасын өртенген шөптің иісі басып тұр. Ойдым-ойдым жолда адырларға қарап келе жатырмыз: кешегі өрттен кейін көкжиек көз ұшына дейін қап-қара болып жатыр. Әр жерде әлі де өрт сөндіретін көліктер тұр: от тұтанатындай болса дереу көру үшін көлікті биік жерге қаңтарған. Дегенмен, бүгін тыныш.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында далада болған өрттің салдары. 8 қазан, 2024 жыл.

Қарағандыдан 340 шақырым қашықта жатқан Теректі деген шағын ауылға бет түзедік. Мұнда 100 аула мен 600-дей тұрғын бар. Елді мекеннің жанында Қарағайлы тау-кен байыту комбинаты жұмыс істеп тұр, өнеркәсіп орны қорғасын және мырыш концентратын шығарады. Ауыл халқының көбі комбинатта жұмыс істеп, жұмыстан тыс уақытта мал бағады. Өрт салдарынан жайылым құрып, мал қырылуы халыққа ауыр тиіп отырғаны да содан.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында өрт шыққан аймақта жүрген құтқарушылар мен арнайы техника. 8 қазан, 2024 жыл.

Ауыл сыртында ТЖМ қызметкерлерінің өртті өшірумен айналысатын жедел штабы жұмыс істеп тұр. Құтқарушыларға төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Ерлан Нұрпейісов бас-көз болып жүр. Вице-министр келгендіктен болар, штаб күзеті мықты комбинат аумағына орналасыпты. Қаздай тізіліп өрт сөндіретін КАМАЗ көліктері мен үш тікұшақ тұр. Биік дуал, болаттай берік қақпаның алдына қарулы екі күзетші қойылған.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Теректі ауылында тұрған құтқарушылар техникасы. 8 қазан, 2024 жыл.

ТЖ өкілдерімен сөйлесу оңайға түскен жоқ. Күзетшілер журналистерді кәсіпорын аумағына кіргізбеді. Баспасөз өкілдері келгенін хабарлауға да міндетті емеспіз дейді. Дегенмен, бізді телефонына түсіріп алып, әлдекімдерге жаза бастады, шамасы, қолына камера ұстаған адамдар келгенін хабарламақ болса керек. Біраз уақыттан кейін ТЖМ баспасөз қызметінің өкілдері байланысқа шығып, өрт орнына баруды ұйымдастыруға уәде берді. Ол уақытта өрт толық өшірілген болатын.

Өрт шыққан даладағы жолда келе жатқан көлік ішінен түсірілген сурет. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы, 8 қазан, 2024 жыл.

Жері адыр-адыр болғандықтан, өрт орнына тек арнайы техникамен ғана баруға мүмкіндік бар. ТЖМ сол күйі журналистердің өртпен күрес барысын өз көзімен көруіне жағдай жасай алмады, есесіне, ауылдық округ әкімінен сұхбат алуды ұсынды. Әкім құтқарушылардың жұмысын жеткілікті білмейді екен. Журналистердің өрт болып жатқан жердің дәл іргесінде тұрып, тілсіз жаумен күрес туралы мәліметтерді төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram каналынан алып отыруы парадокс болды.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дала өрті болған жерде жүрген адам. 8 қазан, 2024 жыл.

Теректінің халқы әлі де үрейден арыла қоймаған: өрт елді мекенге бір шақырымдай ғана жетпей тоқтады. Жергілікті халық жұмылып шығып, құтқарушыларға көмектеспегенде, ауылды да өрт алуы мүмкін еді.

ТЖМ мәліметі бойынша, Қарқаралы ауданындағы өртті сөндіру кезінде бес адам зардап шеккен, олардың арасында өз еркімен өрт сөндіруге шыққандар да бар.

Өртенген алқапты түсіруге бара жатып, Теректі тұрғыны Исатай Бейбітті кезіктірдік. Жасы елулер шамасындағы азамат жайылымда жүрген малды ары айдаумен болыпты. Айтуынша, ауылдағы еркек кіндік бірі қалмай шығып көмектескен.

Житель села Теректы Исатай Бейбут. 8 октября 2024 года.

– Биыл жаз жаңбырлы болып, шөп қалың шығып еді, өртеніп кетті, – деді Исатай қынжыла. – Бізде де, көрші ауылда да жайылымдық жердің көбі жанып кетті. Мал жаятын жер азайды, мал азығын әупірімдеп табуға тура келеді енді.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында далада жайылып жүрген бір үйір жылқы. 8 қазан, 2024 жыл.

Өрт кезінде Исатайдың екі сиыры өліпті. Қазір ауыл тұрғындары дала кезіп, өлген малды түгендеп жүр екен.

– Мотоциклмен тауға барып, өртеніп өлген малдың өлексесін жинап жүрміз. Барлығын жинағаннан кейін санап, жалпы шығынды есептейміз, – деді ол. – Әзірге өлген малдың бәрі сиыр, жылқы жоқ.

Даладағы өртті өшіруге өзеннен су алып жүрген тікұшақ. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы, 8 қазан, 2024 жыл.

Исатай қорғаушыларға риза екенін айтты. Ауыр жұмыс істеп жатыр ғой, ыстық тамақ ішсін деп, ауыл халқының атынан ет апарып беріпті.

Исатаймен әңгімелесіп тұрғанымызда төбемізден тікұшақтар ұшып өтті: жақын маңдағы өзеннен су толтырып алып, жанып жатқан жаққа қарай кетті. Құтқарушылардың сөзіне сенсек, 8 қазан кешке қарай өрт толық өшірілген.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Теректі ауылы әкімдігі. 8 қазан, 2024 жыл.

– Ол жақта сіздер көретін ештеңе де жоқ, – деді баспасөз қызметінің өтінішінен кейін журналистермен сөйлесуге шыққан ТЖ қызметкерлерінің бірі. – Құтқарушылар ендігі бәрін өшіріп болды, бірақ сіздерге өрттен кейінгі даланы көрсете аламыз.

Өртенген даланы көріп келгендіктен, жергілікті халықпен кездесу үшін Теректіге бет алдық. Тұрғындардан өлген мал, өртпен күрес жөнінде сұрадық.

– Теректіден 13 шақырым жерде орналасқан Айыр деген ауыл бар, сол ауылды өрт шарпып өтті, – деп есік алдында көмір кіргізіп жүрген азамат әңгімесін айтты. – Атантай ауылына жақын маңда қыстау бар еді, сол жерде жүз бас ірі қара өлген деп жатыр. Тірідей өртеніп кеткен дейді. Табынның азғантай бөлігін ғана құтқарып қалыпты. Желіде тараған видеоны көрген шығарсыздар, әлдебір азамат малды бір Аллаға аманаттап, сиырларды қалдырып, өзі кетіп қалады.

Теректі ауылының тұрғыны қысқа деп сатып алған көмірді қораға кіргізіп жатыр. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы, 8 қазан, 2024 жыл.

– Өрт жексенбі күні басталды, – деді орта жастағы әйел адам. – Ер азаматтар түгелдей өрт сөндіруге шықты. Бәрі де мал-жанын уайымдады. Эвакуация жариялаған жоқ, жарияласа да, өз басым естіген жоқпын. Өртті сөндіріп үлгерген соң жарияламаған болар.

Үкіметтегілер малынан айырылған халыққа өтемақы төлеу жөнінде әзірге ештеңе айтқан жоқ.

Теректі ауылына баратын жолдың бойында жүрген сиыр. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы, 8 қазан, 2024 жыл.

Осы мақаланы жазып жатқан кезде төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысындағы өртті ауыздықтағаны туралы есеп берді: "Бүгін "Қазәуеқұтқару" АҚ тікұшақтары өрт болған аумаққа әуеден бақылау жасады. Қазіргі сәтте жағдай тұрақты, жаңа жану ошағы жоқ". Министрлік таратқан мәліметке сүйенсек, өртті сөндіруге бес тікұшақ шыққан, олар 112 тонна су шашқан. Ресми мәлімет бойынша, өртті өшіруге 609 адам жұмылып, 93 түрлі техника қолданылған.

Мұнымен бір мезгілде көршілес Павлодар облысында да өрт болған. ТЖМ бағалауы бойынша, өрт аумағы 10 гектардан асқан. Екі облыстағы өрттің жалпы аумағы 45 мың гектар жерді қамтыды.

Қазақстанда ауқымды табиғи өрт жалғасып жатыр: Ақмола облысының алты ауданында өртеніп жатқан қураған шөп пен қамыс 33 мың гектар жерді алып жатыр, Қостанай өңірінде қураған ағаштар өртенген. Құтқарушылар өртке негізінен өрт қауіпсіздігін сақтамау, соның ішінде темекі мен сіріңкені өшірмей тастай салу себеп болады дейді.