Қостанай облысында өрт орнынан бес бала өлі күйде табылды

Қостанай облысы Жітіқара қаласында өрт орнынан бес бала өлі күйде табылды деп хабарлады жергілікті төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.

Ақпаратқа қарағанда, оқиға 11 қазанда таңғы сағат 4 жарым шамасында қаладағы жеке үйлердің бірінде болған. Өрттің салдарынан үйдің төбесі құлаған. Құтқарушылар оқиға орнына келген кезде үй лаулап жатқаны хабарланды.

“Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылы туған кәмелетке толмаған балалар болған. Өкінішке қарай, үйінді астынан бес баланың денесі табылды. Балалардң үлкені, 2011 жылы туған бала зардап шекпеген” деп жазылған хабарламада.

Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешке құрбысына кеткен, ал әкесі түрмеде отыр.

Қазір өрттің себебі анықталып жатыр. Өрт-техникалық зерттеу тағайындалған. Психологтар балалардың жақындарына көмек көрсетіп жатқаны айтылды.

Қостанай облысы прокуратурасы Жітіқарадағы өрттен қаза болған бес баланың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, пеш қараусыз қалып, өрт содан шыққан болуы мүмкін. Істі бас прокурор бақылауға алған.

Қазақстанда балалардың өрттен қаза болғаны жайлы ақпарат жиі шығады. Биыл ақпанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Талды ауылында жеке үйден өрт шығып, төрт бала қаза болған. Оның алдында да осыған ұқсас қайғылы оқиғалар болған.