Зеленский: Солтүстік Корея шынымен Ресей жағында соғысқа қосылды

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин

Украина президенті Владимир Зеленский Солтүстік Корея шынымен Ресей жағында соғысқа қосылды деді. 14 қазандағы мәлімдемесінде Зеленский барлау қызметтері басшыларының баяндамасын тыңдап, онда Солтүстік Кореяның іс-әрекетіне осындай баға берілгенін айтты. Оның сөзінше, "соғысты созуға инвестиция құятын Ресейдің кейбір басқа елмен қарым-қатынасы" талқыланған. Украина президенті ол елдерді нақты атаған жоқ.

13 қазанда Зеленский Солтүстік Корея Ресейге қару-жарақ қана емес, сарбаз да жеткізген болуы мүмкін деп мәлімдеді. Мұндай мәлімдемені бірінші болып өткен аптада Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі айтқан, ол Украинадағы соғысқа барған Солтүстік Корея сарбаздары арасында қаза тапқандар бар деп мәлімдеді. Ол мұны "шындыққа жанасады" деп санаған.

The Washington Post газеті ресми тұлғаларға сүйеніп, Пхеньян жеткізген баллистикалық ракеталарды Мәскеудің Ресейде және оның басып алған аумақтарында пайдалануына көмектесуге Солтүстік Корея әскери мамандарын жіберген деп жазған. Бұл туралы The Guardian басылымы да хабарлады. Майданға жауынгерлік бөлімдер жіберілген болуы мүмкін деген пікір де айтылды; әзірге Украина аумағындағы шайқасқа Солтүстік Корея сарбаздары қатысты дегенге ешқандай дәлел жоқ. Өткен аптада Еуроодақта мұндай ақпарат жоқ деп айтылған. Пхеньян мен Мәскеу де бұл хабарға байланысты пікір білдірген жоқ.

Батыс елдері Солтүстік Кореяны Ресейге оқ-дәрі жеткізді деп бірнеше рет айыптаған. Өткен аптада The Times газеті Батыс барлау қызметіндегі дереккөздеріне сүйеніп, Солтүстік Корея Ресейдің Украинаға қарсы соғыста пайдаланатын артиллерия снарядтарының жартысына жуығын жеткізіп отыр деп хабарлады. Басылымның жазуынша, Солтүстік Кореядан жыл сайын 3 млн снаряд жеткізіледі.

Ресей президенті Владимир Путин биыл маусымда Пхеньянға барып, Солтүстік Кореямен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойғаннан кейін қару жеткізу көлемі артқан. 14 қазан кешке Путин оны ратификациялау үшін Мемлекеттік думаға енгізгені белгілі болды. Бұл шартқа сай, оларға үшінші ел шабуыл жасаса, екі тарап та "әскери және өзге де көмек" көрсетуге тиіс. Путин Солтүстік Корея Ресейге әскери көмек көрсетеді деген шарт ережесі Украинадағы соғысқа қатысты емес деп мәлімдеген.

Your browser doesn’t support HTML5

Ресейдің қару қоймасы мен мұнай базасындағы өрт. Майдандағы Солтүстік Корея әскерилері