Апелляция соты Қаңтарда "резиденцияға шабуыл жасады" деп айыпталған 11 адамның біреуіне 4 жыл жаза қосты

Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматыдағы резиденция мен әкімдікке шабуылдады" деп сотталған 11 адамның апелляциялық соты. Алматы, 15 қазан, 2024 жыл.

Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында "президент резиденциясы мен әкімдікке шабуыл жасады" деп сотталған 11 адамның арызы бойынша шығарған қаулысын оқыды. Апелляция алқасы бір адамның жазасын ауырлатып, екеуінің үкімін өзгертпеді, қалғандарын 1 жыл 8 айға бостандығынан айырды.

15 қазанда онлайн өткен апелляция соты Ақжол Жандарбековті – 8 жылға, Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаевты – 1 жыл 9 айға, Қосай Маханбаев, Әбидолла Таубай, Нұртас Қаранеев, Рысбек Мамыров, Арман Әлімбаев, Нұрсұлтан Байкісиев, Дәурен Бакиевті 1 жыл 8 айға бостандығынан айыруға үкім етті.

Сот алқасы сотталушылар мен адвокаттарының өтінішін орындамады, айыптаушы прокурордың өтінішін ішінара қанағаттандырды.

25 қыркүйектегі сот отырысында сотталушылардың адвокаттары бірінші сатыдағы Алматы қаласының Наурызбай аудандық соты шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырып, бас еркіндігінен айыру жазасын шартты түрде босату жазасына ауыстыруды сұраған.

Ал прокурор бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, Нұртас Қаранеев, Қосай Маханбаев, Рысбек Мамыров, Әбидолла Таубай, Арман Әлімбаев, Нұрсұлтан Байкісиев, Дәурен Бакиев, Серікбол Орынғазыны – 10 жылға, Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаевты – 11 жылға, Ақжол Жандарбековті 12 жылға соттауды сұраған. Бірінші сатыдағы сот кезінде прокурор Рахат Естібек осыған ұқсас жаза сұраған.

Биыл 11 маусымда Алматы қаласының Наурызбай аудандық соты 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "ғимаратқа басып кірді", "билік өкіліне күш қолданды", "әскери қызметкерді кепілге алды" деп айыпталған Ақжол Жандарбековті 4 жылға, ал "Жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "Ғимаратқа басып кіру", "Билік өкіліне күш қолдану" айыбы тағылған Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаевты және "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "ғимаратқа басып кірді" деп айыпталған Нұртас Қаранеев, Рысбек Мамыров, Қосай Маханбаев, Әбидолла Таубай, Арман Әлімбаев, Нұрсұлтан Байкісиев, Дәурен Бакиев, Серікбол Орынғазыны 1 жыл 9 айға бас еркіндігінен айыруға үкім шығарған. Сотталушылар өзіне тағылған айыпқа, сот үкіміне келіспеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қаңтарда резиденция мен әкімдікке шабуылдады" деп айыпталған 11 адамға үкім шықты