Қазақстан да бір адамға сатылатын SIM-карта санын шектеуі мүмкін

Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жеке адам мен заңды тұлғаға сатылатын сим-карта санына шектеу қоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы 16 қазанда парламент мәжілісі отырысында вице-министр Асхат Оразбек мәлімдеді.

"Алаяқтар қазір әлеуметтік желілерде жұмыс істеп жатыр. Әсіресе WhatsApp-ты қолданады. Бірақ WhatsApp байланыс операторларын бұғаттай алмайды <…> Нөмірлерді мемлекетке қайтару туралы бастама көтереміз", – деді Оразбек.

Оның сөзінше, азаматтар ұялы немесе қалалық телефон нөмірін "электронды үкімет" порталынан немесе eGov mobile қосымшасынан ала алады.

Вице-министр Асхат Оразбектің айтуынша, министрлік әзірге бір адам 10 сим-карта ғана алуы керек деп ұсыныс айтып отыр. Ол заңды тұлға әр нөмірді не үшін пайдаланатынын түсіндіруге тиіс болады деді.

"Курсив" сайтының жазуынша, бұған дейін мәжіліс отырысында ЖСДП фракциясының басшысы Асхат Рахымжанов киберқылмыс мәселесін көтеріп, ұялы байланыс операторлары Қазақстан азаматтарының деректерінің құпиялығын қамтамасыз етіп отырған жоқ, ондай деректерді алаяқтарға беріп жіберуі мүмкін деп мәлімдеген.

Қазақстандағы операторлар сим-карта мен ұялы нөмірді кеңселерінде немесе дилерлер арқылы сатады. Бірнеше жыл бұрын үкімет абоненттерді құрылғыны IMEI-код арқылы телефон нөміріне және жеке сәйкестендіру нөміріне (ЖСН) жалғауды міндеттеген. Мұны гаджет ұрлығымен және алаяқтықпен күрес үшін қажет деп түсіндірді.

Биыл шілдеде Ресей "Байланыс туралы" заңға түзетулер енгізген, оған сәйкес, бір қолға 20-дан астам сим-карта сатуға тыйым салынды, байланыс операторлары шетел азаматтарына он данадан көп сим-карта сата алмайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ЦАРКА: Қазақстан азаматтарының жеке дерегі тағы тарап кетті