Қазақстан футбол федерациясы бас бапкер Черчесовке айыппұл салды

Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов

Қазақстан футбол федерациясы қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске "французша сөйлеп тұрсың ба?" деген сөзі үшін ұлттық құрама бапкері, ресейлік маман Станислав Черчесовке айыппұл салды. Бұл туралы ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов айтты.

"Қателіктер бар, кеше ғана журналистермен сөйлескен едік. Черчесовтың қалжыңы – шектен шығу. Өзімен жеке сөйлесіп, мемлекеттік тілдің маңызын түсіндірдім. Оған айыппұл салынды", – деді Барменқұлов "Қазақстан халық партиясы" фракциясының жиынында.

ТАСС агенттігінің ақпаратынша, Қазақстан футбол федерациясы Черчесовке 738 400 теңге (200 АЕК) айыппұл салған.

Бұған дейін туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан бас бапкердің әрекетіне байланысты түсініктеме беруді, Станислав Черчесовке мемлекеттік тілге құрмет танытуы керегін түсіндіруді талап еткен. Спорт министрлігі мұндай жағдай қайталанбас үшін федерация тиісті шара қолдануы керек деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Французша сөйлеп тұрсың ба?" Ресейлік бапкер Черчесов тағы да қазақ тіліне байланысты сынға ұшырады

Черчесов Алматыда Словения құрамасымен ойыннан кейін өткен баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске "французша сөйлеп тұрсың ба?" деп жауап қатқан. Желі қолданушылары осыдан соң ресейлік бапкер Черчесовты "мемлекеттік тілді мұқатып, кемсітті" деп сынға алды.

Футбол федерациясы ресми мәлімдемесінде "бас бапкер Франция клубының формасын киіп келген журналиске әзілдеп жауап қайтарды, Черчесов қазақ тілі мен мәдениетін құрметтейді, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде үйреніп жүр" деді.

Ресейлік маман Станислав Черчесов Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып биыл маусымда тағайындалды. Сол кезде оның жалақысы жайлы тараған ақпарат жұрт наразылығына түрткі болып, маманның біліктілігіне қатысты да қызу пікірталас болған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресейге керексіз маман" vs "білікті бапкер". Черчесовтың құрамаға келгені неге қарсылыққа ұшырады?