Дубайда Expo көрмесі ашылды

Көрменің ашылу салтанаты 30 қыркүйек күні өтті. "Ақыл-ойды біріктіріп, болашаққа жол аш" дейтін ұраны бар көрме – Covid індеті басталғалы өткен ең ірі оффлайн шара.
 

Дәстүрлі киім киген қонақтар Орнықтылық павильонына бара жатыр.

Көрмеге 190-нан астам ел қатысып отыр. Олар мәдениет, технология салаларындағы жетістіктерін көрсетеді.

Иран павильоны саздан жасалған шарлармен әрленген. Бұл сазды Иранда құрылыс материалы ретінде пайдаланған. Павильон қонақтары кілем тоқып көріп, елдің дәстүрлі шайынан дәм тата алады.

Иран павильонындағы екі ірі қуыршақ.

Аралауға келген адамдар көрменің орталық плазасынан өтіп барады.

Румыния павильонының тақырыбы цифрлы технология мен табиғаттың қосындысынан тұрады.

Румыния павильонының ішіне ауқымды LCD экраны (оң жақта) қойылған.

Қазақтың дәстүрлі киімін киген қыздар суретке түсіп жатыр.

Ресей павильонында осы елдің кейінгі ғасырдағы ғылыми және мәдени мұраларымен танысуға болады.

Көрме орталығының ортасына суға арналған осындай инсталляция қойылған.

Беларусь павильоны мемлекет меншігіндегі индустрияға арналған. Павильон "Белгоспищепром" азық-түлік компаниясын таныстырып, елдің мұнай-химия индустриясындағы экспорттық әлеуетімен мақтанады.

Сербия павильонына кіру үшін кезекке тұрған адамдар. Онда қазіргі Сербия аумағында өмір сүрген ежелгі Винча өркениетімен танысуға болады.

Көрменің жарнамасы болуға арналған жасанды көл. Біріккен Араб Әмірліктері көрмеге 7 миллиард доллар жұмсап, 25 миллион адам келеді деп күтіп отыр. Көрме 2022 жылы наурызда жабылады.

Көрмеге қатысушы ретінде тіркелген Ауғанстан павильоны бос тұр. Оның құрылысы аяқталмаған да. Ауғанстан билігіне келген "Талибанның" Дубайдағы көрмеге делегация жіберер-жібермесі белгісіз.

АҚШ павильонында SpaceX компаниясы шығарған Falcon 9 зымыранының көшірмесі тұр. Ол жерден президент Томас Джефферсонға тиесілі деген құран кітабының көшірмесі де бар.

Пәкістан (сол жақта) мен Бахрейн көрмелері. Пәкістанның кемпірқосақ түстес павильонына көрменің бірінші күні 8 мың адам келген.

Ұлыбритания павильонындағы мына бір инсталляция жасанды интеллект көмегімен әр минут сайын жаңа "поэма" шығарады. Оның сөздері павильон қонақтар кіреберісте айтқан сөзден құралады.

Украина павильонының кіреберісі. Онда қонақтарға "кәдімгі бидай сабағынан", "нано бидайдан" және "цифрлы бидайдан" тұратын алқап көрсетіледі. Идея авторларының сөзінше, бұл – Украинаның болашаққа табиғат пен технологиялық дамуды үйлестіре отырып қадам басатынын білдіреді.

Көрме аумағының макеті. Expo 2020 көрмесі Монако аумағынан екі есе көп жерді алып жатыр.