Freedom House есебі: интернеті еркін емес Қазақстанда кибершабуыл көбейген

Freedom House халықаралық адам құқықтары ұйымының биылғы "Интернет еркіндігі" есебінде Қазақстан тағы да "интернеті еркін емес ел" қатарында аталды. Кейінгі бір жылда Қазақстан "интернет пайдалану", "контентті шектеу" және "қолданушы құқығын бұзу" жөнінен бұрынғыдан еш өзгермеген.

Зерттеуде қамтылған кезеңде (2022 жылдың маусымы мен 2023 жылдың мамыры) елде журналистер, блогерлер және саяси белсенділер интернеттегі контентіне бола қудаланған. ТМД-да Қазақстаннан басқа ешбір ел "интернет еркіндігі" жағынан бұрынғы орнынан алға жылжымаған. Грузия мен Армения бір жылда 18 ұпайдан жоғалтып, "жартылай еркін" ел атанса, Қырғызстан 4 ұпайынан айырылып, "жартылай еркін" статусында қалған.

Freedom House ұйымының "Интернет еркіндігі" есебінде Қазақстан 34 балмен биыл да "еркін емес" елдер қатарында қалды. Есепте былтыр қыркүйекте және биыл тамызда күшіне енген жарнама және масс-медиа туралы заңдар интернет қолданушылар құқығын шектейтіні айтылған.

Халықаралық ұйым талдауында 72 ел қамтылған. Тізімдегі 19 елге "еркін", 32 елге "жартылай еркін", ал қалған 21-іне "еркін емес" статусы берілген.

Freedom on the Net есебінде 2024 жылғы әлемдегі интернет еркіндігінің жайын көрсеткен.

АҚШ-тың Вашингтон қаласында орналасқан Freedom House ұйымы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашизм мен тоталитаризмге қарсы күресу, еркіндік пен демократия құндылықтарын дәріптеу мақсатында құрылған. Ұйым 1973 жылдан бері Freedom in the World (әлемдегі еркіндік), 1995 жылдан Nations in Transit (өтпелі кезеңдегі елдердегі демократияның дамуы) және 2009 жылдан бастап Freedom on the Net (интернет еркіндігі) есебін жариялап келеді.

Халықаралық ұйымды АҚШ мемлекеттік департаменті қаржыландырады. Одан бөлек, институтқа қоғамдық әрі жеке қорлар қолдау танытады.

Freedom on the Net есебі үш негізгі категория бойынша 21 сұрақтан тұратын зерттеу әдістемесіне негізделген. Әр елдегі интернет еркіндігінің индексін анықтау үшін интернетті пайдалану жеңілдігі, контентті шектеу және интернет қолданушы құқықтарының бұзылуы сияқты мәселелерге баса мән береді.

Зерттеуге әр елден ғалымдар қатыстырылады. Олар әр сұраққа ашық дереккөздерден мәлімет іздеп, елдегі жағдайды 100 балдық өлшем бойынша бағалайды.

Мәселен, есепте Қазақстанда интернет инфрақұрылымының сапасы жоғары, халықтың 96,2 пайызы интернетті еркін пайдалана алады деп жазылған. Қазақстан "биліктің интернетті заң әрі техникалық құралдар көмегімен бақылауға алу" мәселесі бойынша 6-дан 3 балл алған. Себебі, қазақ үкіметі 2024 жылдың мамыр айында су тасқынынан Құлсарыда зардап көрген халық наразылық білдірген аймақта интернет жылдамдығын баяулатқан.

Елдегі интернет еркіндігін анықтауға бағытталған сұрақтар бойынша жиналған деректерде балл қою былтырғымен салыстырғанда өзгермеген. Десе де, азаматтардың интернеттегі белсенділігі мен мобилизациясына бағытталған жаңа заңдар және үкіметтің TikTok әлеуметтік желісін шектеу мәселесін қарастыруы алаңдатады деп жазылған. Зерттеудің былтырғы бағалауында институт сарапшысы "үкімет наразылық болған өңірлерде троттлинг әдісімен интернетке кіруді баяулатқанымен, Қаңтар оқиғасы кезіндегідей бүкіл елде интернетті өшіріп тастамады", – деп жазды.

Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.

Цифрлық құқық және пропаганда бойынша зерттеуші Дана Маликова мұны үстірт бағалауға жатқызады.

"Себебі, наразылықтардың айырмашылығы туралы талдау жоқ, наразылық деңгейі мен оған мемлекеттің реакциясы арасында корреляция жоқ. Яғни, Қаңтар оқиғасының Қазақстандағы кәдімгі наразылықтардан түбегейлі айырмашылығы бар екенін түсіну маңызды. Қазақстандағы әдеттегі наразылықтар ауқымды емес және қатысқан адам саны аз, сәйкесінше, бұл авторитарлық режимге онша үлкен қауіп төндірмейді. Сондықтан қолданылатын құралдар әртүрлі. Ал интернетті өңірлерде шектеу – жағдайдың жақсарғанын білдіреді деу, менің ойымша, қисынсыз", – деді Дана Маликова.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ РЕПРЕССИВТІ КҮШІ

Институттың биылғы есебі дәл осылай аталған. Себебі кейінгі бір жылда қоғамдық пікірді бұрмалауға генеративті жасанды интеллектінің мүмкіндігін пайдаланатын авторитар режим басқаратын елдер көбейген. Есепте кемінде 16 елде жаңа технология саяси оппоненттердің абырой-беделіне нұқсан келтіру не қоғамдық талқыға ықпал ету мақсатында пайдаланылғаны жазылған.

Мәселен, Пәкістанда бұрынғы премьер-министр Имран Хан қазір билікте отырған оппонентінің әкімшілігіне қарсы пайдалану үшін жасанды интеллектінің көмегімен жасалған "полициядан зорлық көрген әйелдің" дипфейк видеосын таратқан. Ал 2023 жылдың ақпанында Нигерияда өткен президент сайлауы кезінде билік қолдайтын кандидат өз саяси бәсекелесінің беделіне нұқсан келтіру үшін оның дауысын жасанды интеллектінің көмегімен синтездеген.

Сондай-ақ, жасанды интеллект АҚШ-тағы жоғары лауазымды саясаткерлерді беделден айыру мақсатында қолданылса, Түркия мен Әзербайжанда билікті сынайтын оппоненттердің абыройын төгетін фейк-видеоларды технологияның көмегімен дайындап, таратқан.

Осыған ұқсас оқиғалар Эфиопия мен Үндістанда да болған.

Зерттеуші Дана Маликова "авторитар режимдерде технологиялар қолданылғанда, олар пікір білдіру еркіндігі жағдайын тек нашарлататынын" айтты.

"Біздің үкіметке, жалпы Орталық Азия елдеріне, сондай-ақ Ресей мен басқа да демократиясы тамырымен жойылған елдерге жасанды интеллектіні дұрыс қолдану үшін ең әуелі қарапайым адам құқықтарын, және де онлайн ғана емес, сонымен қатар оффлайн да сақтау керек болады", – деді Маликова.

Freedom House сарапшылары кейінгі бір жылда жасанды интеллект құралдары онлайн контентке мониторинг жасауда кеңінен қолданыла бастағанына назар аударған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әшкере болған әріптестік. Пекин мен Мәскеу бір-біріне цензуралауды қалай үйретті?

Әсіресе, Ресей мен Қытай билігі онлайн контентті бақылау мақсатында жасанды интеллект технологияларына инвестицияны көбейтіп, цифрлық құқықты шектейтін заңдарды бекіткен.

Ресейдің медиа нарығын реттейтін "Роскомнадзор" федералды қызметі ел аумағында жұмыс істейтін әрбір интернет провайдерін үкіметтің жіті қадағалау (deep packet inspection) жүйесін қондыруға міндеттеп, соның көмегімен әлеуметтік желілер мен әскери "фейктер" туралы заңды бұзған сайттарды бұғаттап отыр. 2023 жылы маусымда Қытай үкіметінің қолдауымен ел ішінде "социализм құндылықтарын" дәріптеп, Қытай коммунистік партиясына сын айтқан контентті шеттететін 41 генеративті жасанды интеллект құралы мен 5 чатбот іске қосылған.

Сайттарды бұғаттау Қазақстанда да болған. Бірақ оған жасанды интеллект технологиясы қолданылған ба, жоқ па, ол туралы есепте ештеңе айтылмады.

СӨЗ ЕРКІНДІГІ ЖӘНЕ ІШКІ ЦЕНЗУРА

Ұйым сарапшылары Қазақстанда телеарналар мен газеттерге қарағанда онлайн медиа ресурстар салыстырмалы түрде еркін, ал тәуелсіз ақпарат және пікір алмасу көбіне әлеуметтік желілерде жүреді деп баға берген.

"Онлайн дискурс көбіне үкімет қаржыландыратын комментаторлар тарапынан бұрмаланып жатады. Бір талдауда жалдамалы комментаторлар [ақпараттық] дағдарыс кезінде интернет қолданушылардың назарын мемлекеттің жетістіктеріне қарай бұруға тырысқаны жайлы жазылған. Ал сайлау бақылаушыларының айтуынша, 2022 жылдың қараша айына жоспарланған президент сайлауы қарсаңында [әлеуметтік желілердегі] боттар президент Тоқаевты қолдап, посттар жазған", – делінген есепте.

Қазақстанда азаматтық қоғам мен саяси ұйымдар өз ұстанымдарын айтып, мақсатын жүзеге асыруға көбіне әлеуметтік желі платформаларын пайдаланады. Freedom House олардың интернеттегі контенті наразылық кезінде жиі шектеледі деп атап көрсеткен.

Сондай-ақ, ұйым Freedom on the Net 2023 есебі қамтыған кезеңде интернет қолданушылары қысымға салыстырмалы көп ұшырамағанын жазып, контент аз шектелгеніне меңзейді. Соның есебінен Қазақстанға биыл екі ұпай берілген.

"Еркін интернет – еркін Қазақстан" деген жазуы бар плакат ұстаған азаматтық белсенді Анна Шүкеева пикет өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 26 шілде, 2019 жыл.

Ұйым есебінде Қазақстанда журналистер, саяси белсенділер мен өзге де интернет қолданушылар ішкі цензураға жиі тап болады деп жазған. 2019 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейін елде онлайн талқылаулар күшейіп, адамдар әлеуметтік желілерде белсенді бола бастағанымен, журналистер үкіметтің репрессивті шарасына тап болмас үшін ішкі цензураға жол береді дейді сарапшылар.

Цифрлық құқықты зерттеп жүрген Дана Маликова бұл үдеріс 2019 жылдан бері күшейгенін айтты. Ол "бұл тенденция жалғасын тауып жатыр, әсіресе елде саяси оқиғалар болған кезде" деді.

"Осы жыл туралы айтар болсақ, референдум қорытындысына көз салсақ жеткілікті. "Уральская неделя" бас редакторы [журналистік жұмысы үшін] сотқа шақырылды. Бірқатар БАҚ өкілдерінің ресурстары бұғатталды, шабуылдар жасалды. Медиа жұмысын шектейтін көптеген заң бұзу фактілері болды. Бұл келесі жылдың есебіне кіретін шығар және бұл Қазақстанның рейтингте тағы да төмендеуіне негіз болуы мүмкін", – деді сарапшы.

Кейінгі бір жылда Өзбекстанда да азаматтарды интернеттегі белсенділігіне бола қудалап, сотқа тарту оқиғалары жиілеген. Шотландиядағы Сент-Эндрюс университетінде Орталық Азиядағы интернеттегі әлеуметтік мобилизация мен азаматтық қоғамның дамуын зерттеп жүрген Эрнест Жанаевтың пікірі осындай. Ғалым Freedom on the Net 2023 есебін дайындауға қатысқан.

"Тәуелсіз блогерлерге қарсы қолданылған негізгі баптар көбіне жала жабу бойынша болды. Блогерлер заңсыз келісімдер туралы ақпарат таратып немесе сыбайлас жемқорлық элементтері бар істер жайлы сұрастыра бастаса, жала жабу [бабы] қолданылды. Өкінішке қарай, көптеген блогерлер жала жабу бабымен сотталды. Бірақ кейбірін алаяқтық жасады деп айыптап, ұзақ мерзімге соттады", – деді ғалым.

Адам құқын қорғаушы халықаралық ұйымның биылғы есебінде 2022 жылдың шілде айында болған Нөкіс оқиғасы мен оның салдары да қамтылған. Институт сарапшылары Өзбекстандағы "интернет еркіндігінің" нашарлауына биліктің Нөкіс оқиғасына реакциясы себеп болған" деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қарақалпақстанда қантөгістен кейін жағдай тұрақталып келеді, бірақ интернет істемейді

"[Қарақалпақстандағы] наразылықтар қарсаңында және барысында үкімет интернетті шектеді, наразылықтар туралы ақпарат таратқаны үшін журналистер мен белсенділерді қамады. [Құқық қорғаушылар] Қарақалпақстанда блогерлер азапталғаны жөнінде хабарлады. Кейін үкімет наразылыққа қатысы бар деп соттаған кемі 61 адамның бір бөлігіне интернеттегі белсенділігі үшін айып тағылды", – деп жазылған есепте.

2023 жылы маусымда Ташкентте апелляция соты қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың шағымын қанағаттандырмай қойғаннан кейін Қарақалпақстанда жастарға қысым күшейген. Жыл басында Азаттық редакциясына хабарласқан қарақалпақ азаматының бірі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың суретін Telegram-арнада бөлісіп, оны "батыр" деп атағаны үшін милиция бақылауына түскенін айтты.

Нөкіс оқиғасынан кейін саяси белсенділігін Қазақстанда жалғастырған қарақалпақ азаматтары Өзбекстан билігінің оларды экстрадициялау туралы талабы бойынша ұсталып, бір жыл уақытша ұстау изоляторында отырды. Ташкент оларға интернеттегі белсенділігі үшін қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеу жариялаған, Астанадан оларды Өзбекстанға қайтаруды сұратқан. Қазақстан үкіметі белсенділерге саяси баспана бермегенімен, экстрадиция талабын да қанағаттандырмады.

Нөкіс оқиғасынан соң Қазақстанда қарақалпақ белсенділері қудалауға түскенін айтып шағынған.

Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін "Ресей қарулы күштерінің беделіне нұқсан келтіруді шектейтін" заң қабылданды. "Роскомнадзор" қызметі Қазақстанда тіркелген онлайн ресурстарға сол заңға сәйкес материалдарды алып тастау жайлы талаптар жолдаған. Мәселен, Ресейдің Украинаның Харьков қаласына басып кіргені жайлы мақала жариялаған Arbat.media редакциясы 2022 жылдың қарашасында "Роскомнадзордан" хат алғанын мәлімдеген. Осыған ұқсас жағдайға тап болғанын қазақстандық Vlast.kz, Ratel.kz және NewTimes.kz сайттары да мәлімдеген.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресей сотының қаулысы Қазақстанға жүрмейтінін айтып, аталған ресурстар заңға қайшы әрекет жасаған жоқ деп мәлімдеген.

"Қазақстан үкіметі Google және Meta компанияларына контентті шектеу мақсатында талап-арызын жіберіп отырған" деп жазды Freedom House биылғы "Интернет еркіндігі" есебінде.

Әйткенмен Қазақстан үкіметі Google және Meta компанияларына контентті шектеу мақсатында талап-арызын жіберіп отырған. Нақтырақ айтқанда, Facebook пен Instagram әлеуметтік желісіне және WhatsApp мессенджеріне иелік ететін Meta 2022 жылдың бірінші жартысында Қазақстан билігінің еш талабын орындамағанын мәлімдеген. Ал Google сол жылдың бірінші жартысында 64 арыз бойынша ешбір контент шектелмегенін жазған. Бірақ 2022 жылдың екінші жартысында түскен 61 шағымның 8,3 пайызындағы деректерді компания ережесін бұзды деп браузерден алып тастаған.

Freedom on the Net 2023 есебінде қамтылған 70 елдің 29-ында цифрлық құқық шектелген, ал 20 елде алға ілгерілеу бар деп қорытынды жасаған авторлар. Қытай осымен қатарынан 9 жыл бойы "интернет еркіндігі" ең төмен ел атанса, Мьянма биыл Қытайды басып озуға аз қалған. Ал бір жылда көп ұпайдан айырылған елдердің басында Иран тұр.

DDOS-ШАБУЫЛДАР ЖӘНЕ ТРОТТЛИНГ

Freedom House сарапшылары есепте қамтылған кезеңде Қазақстанда тіркелген медиа ресурстары мен үкіметке қарасты институттар кибершабуылға тап болған деп жазған. Соның есебінен Қазақстан бір ұпайынан айырылған.

2022 жылдың шілде айында Orda.kz пен UlysMedia ресурстары DDos-шабуылға ұшыраған деп жазылған есепте. Ал сол жылдың қыркүйегінде Toppress.kz, Sn.kz және NewTimes.kz сайттарына да кибер қауіп төнген. Елдегі негізгі телекоммуникациялық оператор "Қазақтелеком" компаниясы кибершабуыл шетелден жасалған деп мәлімдеген еді. Ал Toppress.kz жазуынша, редакция Ресей әскерінің Украинадағы соғыс қылмысына қатысты БҰҰ есебі туралы мақала жариялағаннан кейін кибершабуылға ұшыраған. Қазан айында бұл тізімдегілер қатарына ҚазТАГ агенттігі де қосылған.

Қазақстанда Азаттық сайтының ашылуы баяулады (27 қыркүйек, 2022 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда Азаттық сайтының ашылуы баяулап қалды

2022 жылдың қазан айында, Қазақстанда президент сайлауы қарсаңында BBC, Азаттық радиосы және бірнеше ресейлік басылымдардың сайттарына кіру қиындаған.

Бұдан бөлек, зерттеуде елде контентті күшпен алдырып тастау және TouchVPN пен TunnelBear секілді VPN қызметтері бұғатталғаны туралы айтылады.

Азаттық радиосының сайттарына (www.azattyq.org және rus.azattyq.org) Қазақстан аумағынан кіру әлі күнге дейін қиын: сайт өте баяу ашылады, кейде мүлде ашылмайды.

Жымысқы әдіспен шектелген Азаттық сайттарын Қазақстанда жабылған сайттармен салыстыру кестесі. Әлемдегі интернет-цензураны бақылайтын OONI data талдауынан алынған скриншот.

2023 жылдың сәуірінде әлемдегі интернет-цензураны бақылайтын Open Observatory of Network Interference (OONI) коммерциялық емес ұйымы Азаттықтың Қазақ қызметінің сайттары 2022 жылғы қыркүйек пен 2023 жылғы сәуір аралығында Қазақстан аумағында бұғаттаудың жымысқы әдісіне ұшыраған деп жазған. 28 сәуірде жарияланған ұйым талдауында осындай мәлімет айтылды.

Адам құқықтары жөніндегі мәселелерді зерттеуші Эрнест Жанаев "кейінгі бес жылдағы есептерге қарасақ, бүкіл әлемде [адам] құқықтары мен бостандығын қорғауда кері шегіну, авторитаризм күшейгені байқалады", – деді.