Accessibility links

Ресей Қазақстаннан ұшақ тапшы тұста ішкі әуе рейстеріне көмектесуді сұрады


 Air Astana ұшағы
Air Astana ұшағы

Мәскеу Қазақстаннан және басқа да "дос" елдерінен Ресей ішінде жолаушыларға арналған әуе рейстеріне көмектесуді сұрады. Бұл туралы Ресейдің көлік министрі Роман Старовойт мәлімдеді деп жазды "Интерфакс" агенттігі.

Мұнда шетелдік әуекомпанияға басқа ел ішінде рейстер жасауға мүмкіндік беретін "каботаж" деп аталатын тасымал туралы әңгіме болып отыр. Ресейде бұған дейін мұндай құқыққа тек жергілікті әуекомпаниялар ие болған.

Старовойттың айтуынша, Мәскеу "каботаж" бойынша Қазақстанмен келіссөз жүргізіп жатыр.

"Каботаж – ең нашар жұмыс тәсілі, себебі ел экономикасынан бәрін шайып кетеді. Иә, мұнымен жыртықты жамайтын шығарсыз, бірақ ақшадан айырыласыз. Бұл – ең нашар шешім", – деді Ресей мемлекеттік азаматтық авиация ғылыми-зерттеу институтының бас сарапшысы Федор Борисов.

Мәселені тез арада шешпесе, жолаушылар легі азаяды деп ескертті Борисов. Пессимистік сценарий бойынша, 2024 жылы ресейлік әуекомпаниялар 112 миллион адам тасымалдайтын болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 95 миллионға дейін, ал 2026 жылы 91 миллионға дейін азаюы мүмкін. Содан кейін саланы қалпына келтіру басталады деген болжам бар, бірақ 2030 жылға тек 127 миллионға жуық жолаушы тасымалдау жоспарланған, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен аз.

Мәскеу Украинаға соғыс бастамай тұрып ресейлік әуекомпаниялар 850 ұшақты пайдаланған, ал 2023 жылдың басында жалпы парк 736 лайнерге дейін азайды деп жазды Oliver Wyman консалтинг компаниясына сілтеген The Moscow Times газеті. 2026 жылға қарай ұшақтар саны екі есе азаюы мүмкін.

Ресей билігі шетелдік әуе кемелерін өз өндірісі есебінен ауыстыруды жоспарлаған. 2024 жылы Ресейде 20 Sukhoi Superjet ұшағын, жеті Ту-214 лайнерін, алты MC-21 лайнерін және екі Ил-114-300 ұшағын құрастырмақ болған. Алайда екі Ту-214 және бір Ил-96-300 ұшағы ғана құрастырылды. Осыдан соң өндіріс бағдарламасын қысқартты. Енді 2025 жылға жоспарланған 82 ұшақ орнына тек 20 әуе кемесі шығарылады деп отыр. 2026 жылға жоспарланған 120 ұшақ 97-ге дейін түскен.

Былтыр жыл аяғында Reuters агенттігі Ресей билігі Украинамен соғыс басталғалы бері Батыс санкцияларынан зардап шеккен азаматтық авиацияны қолдауға бюджеттен 1 триллион рубль (12 миллиард доллардан астам) бөлді деп хабарлады.

Батыс сарапшыларының есебінше, бұл инвестициялар Ресейге кемі әуе паркін сақтауға жеткілікті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG