Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

16:19 23.11.2020

AstraZeneca компаниясының вакцинасы 70 пайыз тиімді екенін көрсеткен

AstraZeneca компаниясы мен Оскфорд университеті бірігіп жасап шығарған коронавирустың жаңа түрінен қорғайтын вакцина 70 пайыз тиімді екенін көрсетті.

Сынақ барысында еріктілерге екі түрлі жолмен вакцина егіліп, нәтижесі әртүрлі болып шыққан.

Бірінші жағдайда шамамен 3 мың адамға жарты доза егілген, бір айдан соң толық салынған. Мұндай амал 90 пайыз тиімді екенін көрсеткен.

Екінші жағдайда еріктілер бірден толық дозаны қабылдап, бір айдан кейін осы процедура қайталанған. Бұл амал 62 пайыз тиімді екенін көрсеткен.

Осылайша екі тестің нәтижесін біріктіріп, орташасын шығарғанда AstraZeneca компаниясы шығарған коронавирус вакцинасы 70 пайыз тиімді екенін көрсетті деп айтуға болады. Компания таратқан хабарламада вакцинаның +2 мен +8 градус аралығында сақтала беретіні, вакцина салуға ерекше жағдай керек еместігі айтылған.

AstraZeneca компаниясы өнімді пайдалануға рұқсат етілсе, 2021 жылы 3 миллиардқа дейін өндіруге дайын екенін айтып отыр.

Осыған дейін Pfizer дәрі-дәрмек компаниясы Covid-19 індетіне қарсы сынақтан өтіп жатқан вакцинасы коронавирустан 95 пайыз қорғай алатынын көрсетті деп мәлімдеген еді. Бірақ бір кемшілігі – ол -70 градус аралығында сақталып, тасымалдануы тиіс.

Қараша айында америкалық Moderna компаниясы да вакцинасының коронавирустан 94,5 пайыз қорғай алатынын көрсетті деген.

Ресейдің Гамалея атындағы институты Спутник V вакцинасы вирустан 92 пайыз қорғай алады дейді. Дегенмен ресейлік вакцина клиникалық сынақтың үшінші кезеңін аяқтамаса да, тіркеуден өткізілген.

Moderna вакцинаның әрбір дозасы 25-37 доллар аралығында болады деп отыр. Pfizer вакцинасының дозасын 18 долларға бағалайды. Спутник V жасаушылар вакцина дозасы бұдан да арзан болады деп отыр. Ал AstraZeneca вакцина құны бәсекелестері айтқан бағадан арзан болады деп мәлімдегенмен нақты бағасын айтпады.

09:30 23.11.2020

Қазақстанда коронавирус пневмониясына шалдыққандар 44 адамға көбейді

22 қарашада Қазақстанда 44 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды, бір күнде 27 науқас жазылды. Коронавирус жұққаны ПТР-тестпен дәлелденген науқастар арасында 7 адам өлімі тіркелді.

1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар 41 203 адамға жеткен, 30 086-ы жазылған. 427 адам қайтыс болған. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, өткен тәулікте шамамен 40 мың тест жүргізілген.

Американың Джонс Хопкинс университетінің рейтингісінде Қазақстан коронавирус жұқтырғандар бойынша әлемде 50-орында тұр. Бірақ халықаралық ұйым коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген ұлттық статистикаға (оған сәйкес, Қазақстанда 126 мыңнан астам адамға Covid жұққан) сүйеніп, рейтингіні түзген.

Елде коронавирус жұқтырғандар мен "пневмонияға" шалдыққандар 167 385 адамға жеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония түрін Covid-ке жатқызып, екі мәліметті бірге есептеуге кеңес берген. Көрші Қырғызстан екеуін бірге есептеп келеді. Қазақстан әзірге кеңеске құлақ түрген жоқ.

Наурыз айынан бері коронавирус жұқтырғаны тестпен дәлелденгендер арасында 1990 адам өлімі тіркелген.

Денсаулық сақтау министрлігі аймақтағы "пневмония" ахуалы жайлы мәліметті сирек жариялайды.

Қазір коронавирус инфекциясынан 11 386 адам емделіп жатыр, 644-і – бала. 3 225 адам стационарда жатыр. 200 адамның жағдайы – ауыр, 30 адамның халі – өте ауыр, 22 адам тыныс алу аппаратына қосылған.

Көптеген сарапшылар Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар ресми мәліметте көрсетілген саннан әлдеқайда көп деп санайды.

08:12 23.11.2020

Еуропа Рождество қарсаңында шектеу шараларын жеңілдетеді

Рождество мерекесіне бірнеше апта қалғанда Еуропаның кейбір елдері шектеу шаралары жұмсарып қалар деп үміттеніп отыр.

Бөлшек сауда мен қызмет көрсету саласы індетке байланысты енгізілген шектеулерден кейін шығынға батқан. Сарапшылар бұл Еуропа экономикасына айтарлықтай зиян келтіріп, ұзақмерзімді дамуын тежеуі мүмкін деп қауіптенеді.

Франция президенті Эммануэль Макрон осы аптада коронавирус ахуалына байланысты халыққа мәлімдеме жасап, 30 қазаннан бері күшінде болған оқшаулау ережелерін жұмсартуы мүмкін. Ойыншық, киім, аяқ киім сияқты негізгі емес қажетті заттар сататын кәсіпкерлер дүкендерін ашып, сәл де болса шығынды толтырамыз деп үміттенеді. Премьер-министр Жан Кастекс 21 қарашада "бірнеше күн ішінде" сауда орындары ашылуы мүмкін деді.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Англияда тұтас оқшаулау режимін алып тастап, шектеудің үш деңгейлі жүйесіне көшуді көздеп отыр.

Польшада премьер-министр Матеуш Моравецкий поляктарды Рождество кезеңінде саяхаттамауға шақырды. Мұнда 28 қарашадан бастап кейбір сауда орындары қалыпты режимде жұмыс істей бастайды.

07:32 23.11.2020

Жексенбі күні коронавирус жұққан 716 науқас анықталды, 514 адам жазылды

Кеше, 22 қарашада Қазақстанда коронавирус жұққаны арнайы тестпен расталған 716 адам анықталды. Бір күнде 514 адам жазылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, жексенбі күні ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (188) тіркелген. Қазақстанның Ресеймен шекаралас облыстарында: Павлодар (98), СҚО (96), Қостанай облыстарында (77) да науқастардың көбейгені байқалады. Ақмола облысында – 61, Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облысында әрқайсында 42 адамнан коронавирус табылған.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендер 126 182 адамға жетті: 113 мыңға жуығы жазылған, 1983-і қайтыс болған.

Қазақстанның коронавирус статистикасына коронавирус пневмониясына шалдыққандар есебі енгізілмеген. 1 тамыздан бері 41 159 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған, 427 адам қайтыс болған, 30 мыңнан астамы жазылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус картасында екі мәлімет (коронавирус пен коронавирус пневмониясы есебі) қосылып көрсетілгенмен Джонс Хопкинс университеті коронавирус жұққаны тестпен дәлелденгендерді ғана картасына енгізіп отыр. Қазақстан билігі басында бұл екі мәліметті біріктіріп көрсетуге уәде бергенмен орындамады.

Қазақстанның коронавирус статистикасына Covid жұққан, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" делінген жүздеген адам өлімі де енгізілмеген.

Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус мәліметке күмәнмен қарайды. Тәуелсіз зерттеу жүргізген Сандж зерттеу ұйымы "елде үш миллионнан астам адамға вирус жұққан" деп санайды.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG