Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

07:32 23.12.2020

Өзбекстан коронавирустың жаңа түріне байланысты 8 елмен әуе қатынасын үзді

Ташкент коронавирустың жаңа штамына байланысты сегіз елмен әуе қатынасын үзді.

Үкімет жанынан құрылған коронавируспен күрес жөніндегі арнайы комиссия 22 желтоқсанда Австралия, Австрия, Дания, Германия, Италия, Нидерланд, Оңтүстік Африка республикасы, Ұлыбритания азаматтарының елге кіруіне тыйым салынғанын хабарлады. Бұдан бөлек, азаматтығы жоқ адамдар, соңғы екі аптада жоғарыда аталған елдерде болған жолаушылар да 10 қаңтарға дейін Өзбекстанға кіре алмайды.

8 мемлекеттен оралған Өзбекстан азаматтары 14 күндік карантинге жіберіледі.

"Бұл шектеулер эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына қарай біртіндеп алынады" делінген комиссия хабарламасында.

25 желтоқсаннан бастап Өзбекстанға келушілер ковидке қарсы антиденені анықтайтын шұғыл тестен өтеді.

22 желтоқсан күнгі ақпарат бойынша, Өзбекстанда 76 180 адамнан коронавирус анықталған. 612 адам қайтыс болған.

09:09 22.12.2020

Коронавирус пен пневмония: 929 науқас анықталды, 10 адам қайтыс болды

21 желтоқсан күні Қазақстанда коронавирус жұққаны арнайы тестпен расталған 739 адам анықталды, 190 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Бір күнде 6 адам - коронавирустан, 4 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды.

Өткен тәулікте ең көп науқас Нұр-Сұлтанда тіркелді. Дүйсенбі күні мұнда 106 адамның ПТР-тесті оң шыққан. Алматы қаласында - 80, Шығыс Қазақстан облысында - 75, Павлодар облысында - 68, Қостанай облысында - 65, Атырау облысында - 62, Солтүстік Қазақстан облысында 62 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған.

Наурыз айынан бері 147 975 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталған. Содан бері 132 427 адам жазылды. 2 200 адам қайтыс болды. Covid ­өлімі дерегіне коронавиус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.

Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған, диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. Пневмонияның бұл түріне тамыздың басынан 21 желтоқсанға дейін 44 604 адам шалдыққан, 479-ы қайтыс болған.

13:21 21.12.2020

АҚШ тұрғындарға Moderna вакцинасын егуге дайындалып жатыр

АҚШ-та 21 желтоқсаннан бастап тұрғындарға Moderna компаниясының вакцинасы салына бастайды. Бұған дейін елдегі дәрі-дәрмекке жауапты орган Moderna-ны төтенше жағдайда қолдануға рұқсат берген.

Moderna вакцинасы - АҚШ-та мақұлданған екінші вакцина. Өткен аптада тұрғындарға Америка және Германия компаниялары бірігіп әзірлеген Pfizer/BioNTech вакцинасы егіле бастаған еді. Елде коронавирусқа шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны артып барады. Дәрігерлер вакцина егілген адамдарда коронавирусқа қарсы иммунитет бірте-бірте қалыптасатынын айтып отыр.

Moderna вакцинасын сынау кезеңі. АҚШ, наурыз 2020 жыл.
Moderna вакцинасын сынау кезеңі. АҚШ, наурыз 2020 жыл.

Pfizer-ге қарағанда Moderna вакцинасын тасымалдау оңайырақ болғандықтан билік алдағы уақытта Moderna вакцинасына басымдық бермек.

Әлемнің өзге елдерінде де коронавирус жылдам тарап барады. Бірақ мамандар Ұлыбританияда коронавирустың мутацияға ұшырауына ерекше алаңдап отыр. Бірнеше мемлекет 20 желтоқсанда Ұлыбританиямен әуе және темір жол қатынасын үзді.

Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок жексенбі күні "жағдай бақылаудан шықты" деп мәлімдеді. 21 желтоқсанда Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон үкімет жанынан құрылған дағдарыспен күрес комитеті өкілдерімен бірге мәселені талқылайды.

Еуроодаққа төрағалық етіп жатқан Германия да коронавирустың жаңа түріне жиын арнамақ.

11:10 21.12.2020

Қазақстанда коронавирусқа қарсы ресейлік вакцина өндіріле бастады

Қазақстанда коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасы өндіріле бастады. Бұл ақпаратты 21 желтоқсанда премьер-министр сайты хабарлады.

Вакцина Қарағандыдағы дәрі-дәрмек кешенінде шығарылады. Осы кешенде кезең-кезең бойынша 2 млн доза өндіріледі деп айтылады.

"Қазақстанда өндірілетін "Спутник V" вакцинасын жаппай егу 2021 жылы ақпан айында басталады. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, педагогтар, студенттер, құқық қорғау орган қызметкерлері, медицина-әлеуметтік қызмет көрсету мекеме өкілдері, созылмалы ауруы бар адамдарға егіледі" делінген хабарламада.

  • Бұған дейін Ресей билігі сынақтың үшінші фазасы аяқталмай жатып екі вакцина - "Спутник V" және "ЭпиВакКорона" екпесінің тіркелгенін хабарлаған. Қазақстан мен Ресей "Спутник V" жеткізу туралы келісімге де келген. Бірақ халықаралық сарапшылар сынақтың үшінші кезеңі аяқталмаған ресейлік вакцинаға күмәнмен қарайды. "Спутник V" екпесін алған кейбір еріктілерден коронавирус табылған.
  • Осыған дейін америкалық-германиялық Pfizer/BioNTech, америкалық Moderna және Англияда Оксфорд пен AstraZeneca өздерінің вакцинасы 95 пайыз тиімділік көрсеткенін мәлімдеген. Желтоқсанның басынан бері Ұлыбритания, Канада, АҚШ Pfizer/BioNTech вакцинасын жаппай егуді мақұлдаған. Қазақстанның бұл компаниялардан вакцина сатып алатыны-алмайтыны әзірге белгісіз. Күзде Қазақстан билігі қай компанияның вакцинасы тиімді әрі қауіпсіз болса, сол компаниямен келісім-шарт жасауға дайынбыз деп мәлімдеген.
  • Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, коронавирус пневмониясына шалдыққандарды қосқанда 191 650 адамнан Covid анықталған, 2600-ден астам адам қайтыс болған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG