Accessibility links

Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.
Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

  • Украинада шайқас жүріп жатқан аймақтардан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридорлар ашылды. Коридор ашуды екі тарап келіссөз кезінде келіскен.
  • Украина Ресей 12 мың әскерінен айырылды деп отыр.
  • АҚШ Ресей мұнайынан бас тартады.
  • Украинадан соғыс басталғалы екі миллион адам елден кетуге мәжбүр болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Киевте екенін мәлімдеп, бірнеше видео жариялады.
  • Британиялық Shell мұнай-газ компаниясы ресейлік жобалардан шығатынын, Ресейден мұнай шикізатын алмайтынын мәлімдеді.
  • Жапония мен Австралия да Ресейге санкцияны күшейтті.
15:33 5.3.2022

Ресей билігі Украинаның кемінде екі қаласында атыстың уақытша тоқтағанын хабарлады

Украинаның Мариуполь қаласы. 3 наруыз 2022 жыл.
Украинаның Мариуполь қаласы. 3 наруыз 2022 жыл.


Ресей қорғаныс министрлігі Украинаның кемінде екі қаласында: Мариуполь және Волновахада бейбіт тұрғындар гуманитарлық дәліз арқылы қаладан шығу үшін атысты ішінара тоқтату туралы бұйрық шығарды. Бұл жөнінде Ресей мемлекеттік ақпарат құралдары жазды.

Ақпаратқа қарағанда, гуманитарлық өткел мен шығу жолдары Украина тарабымен үйлестірілген.

Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, атыс бойынша үзіліс 5 наурыз Мәскеу уақытымен таңертеңгі сағат 10, Киев уақыты бойынша таңертеңгі 7-де басталады.

Елдің оңтүстігіндегі аталған екі қалада Ресей әскері қаруын қойды ма, жоқ па, ол жағын Азаттық растай алмады.

Ресей президенті Владимир Путин 24 ақпанда Украинаға әскерін кіргізіп, түрлі нысандарды атқылай бастаған. Содан бері мыңдаған адам опат болды, 1,2 млн адам өзге елдерге босып кетті. Қаза болғандар арасында бейбіт тұрғындар бар.

Ресей ақпарат құралдарының жазуынша, қорғаныс министрлігі 5 наурызда Ресей әскерінің шабуылы жалғасып жатқанын хабарлаған.

Мариуполь Азов теңізі жағалауында орналасқан 400 мың адам тұратын стратегиялық маңызы бар қала. Мұнда бірнеше күннен бері ауыз су мен жылу жүйесі жоқ.

Мариуполь мэрі Вадим Бойченко Телеграм арнасында атысты уақытша тоқтату "жылу, жарық, мобильді байланыс сияқты қаланың ең маңызды инфрақұрылымдарын қайта жөндеуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, Мариупольді азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жол ашады" деді.

Украина мен халықаралық ұйымдардың Ресейді әскери қылмыс жасады деп айыптауы және бейбіт тұрғындарға шабуылы жайлы ақпараттар кейінгі күндері үдеген. Себебі Украинада тұрғын үйлер мен азаматтық нысандардың қирағаны жөнінде суреттер көп. Ал жергілікті билік жарық пен суды өшіретінін ескерткен.

15:27 5.3.2022

Ресми Нұр-Сұлтан: Ұлыбритания Қазақстанға санкция салуға ниетті емес

Британ парламентінде Қазақстандағы клептократия сөз болып жатқан кезде, сыртта жемқорлыққа қарсы акция өткізіп тұрған қазақстандық белсенділер. Лондон, 3 ақпан 2022 жыл.
Британ парламентінде Қазақстандағы клептократия сөз болып жатқан кезде, сыртта жемқорлыққа қарсы акция өткізіп тұрған қазақстандық белсенділер. Лондон, 3 ақпан 2022 жыл.

Ресейдің Украинаға қатысты әрекетіне байланысты Ұлыбритания Қазақстанға санкция салмайды. 5 наурызда Қазақстан СІМ осылай деп хабарлады.

Ресейдің Украинаға басқыншылығы жалғасып жатқан тұста британ парламентінің мүшесі Маргарет Ходж 1 наурызда Мәскеу ғана емес, Ресей басшысы Владимир Путинді қолдап отырған Қазақстан мен Әзербайжанға да шектеу қою қажеттін айтқан еді. Оның мәлімдемесіне жауап берген Ұлыбритания сыртқы істер министрі Элизабет Трасс Нұр-Сұлтан мен Бакуға санкция салу мәселесін қарастырып жатқанын, дегенмен қазір Лондон негізінен Ресей мен Беларусьтің Украинаға агрессиясына төтеп беруге көбірек ден қойып жатқанын айтқан.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, министр орынбасары Роман Василенко Ұлыбританияның Орталық және Оңтүстік Азия, Солтүстік Африка істері жөніндегі мемлекеттік министрі Тарик Ахмадпен видео кездесіп, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Личті қабылдаған. 5 наурыздағы ресми хабарламада тараптардың Украинадағы жағдайды талқылағаны жазылған.

"Британ тарабы Ресейдің Украинадағы әскери операциясына байланысты Қазақстанға қатысты қандай да бір санкция енгізуге ниетті емес екенін растады. Кездесу қорытындысы бойынша талқыланған тақырыптардың барлық спектрі бойынша толық өзара түсіністік расталды және екіжақты қатынастарды одан әрі белсенді және жан-жақты дамытуға өзара дайындық білдірілді" деп жазылған хабарламада.

Наурыздың басында британ парламентінде Қазақстанға санкция салу ұсынысы айтылғаннан кейін Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі сыртқы істер министрлігіне шақырылғаны хабарланған. Ведомство өкілдері мен елші арасындағы кездесу жөнінде толық ақпарат шықпады.

Британ парламентінде Қазақстан билігіне санкция салу мәселесін қозғаған лейбористік партия мүшесі Маргарет Ходж ақпан айында британ парламентінде өткен "Қазақстан: жемқорлыққа қарсы санкциялар" атты талқылау кезінде британ үкіметін "халықты тонап, байыған" Қазақстан элитасы өкілдеріне санкция салуға үндеген еді. Ол ондаған адамның аты-жөнін атаған. Басым бөлігі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен оның айналасындағы адамдар. Ходж сол кезде Ұлыбритания билігін "жемқорлыққа көз жұма қарап, Қазақстан режиміне лас ақшаны жымқырып, жұмсауына көмектесті" деп кінәлаған болатын.

Қазақстанда көптеген белсенді Батыс елдерін елде адам құқығының өрескел тапталуына жауапты шенділерге, "халықтың есебінен" байыған тұлғаларға санкция салуға жиі шақырып келеді.

12:09 5.3.2022

Қытай Украинадағы жағдайға алаңдаушылық білдірді

Қытай азаматтары Ресей-Украина соғысы жайлы жаңалықтарды тыңдап отыр. 2022 жылғы ақпан.
Қытай азаматтары Ресей-Украина соғысы жайлы жаңалықтарды тыңдап отыр. 2022 жылғы ақпан.

Пекин Украинадағы оқиғаларға алаңдаушылық білдіріп, тараптарды "асығыс шешім қабылдамауға" шақырды. Қытай үкіметі қолдайтын халықаралық қаржылық ұйым Ресей және Беларусьпен қаржы операцияларын тоқтатты.

Ресми Қытай Ресей шабуылын тікелей айыптаудан қашқақтап, оны "соғыс" деп атамей келеді. Бірақ Қытай сыртқы істер министрі "тараптарды жағдайды ушықтырмай, асығыс шешім қабылдамауға және ядролық жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге" үндеді.

Бір күн бұрын Украина оңтүстік-шығысындағы Запорожье атом электр станциясын Ресей әскері атқылағаннан кейін станция өртенген. Артынша өрт сөндірілген. Оқиғаға Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) алаңдады.

Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкі (AIIB) 3 наурызда Ресей мен Беларуське қатысты қаржы операцияларын тоқтататынын хабарлады. Құрылғанына бес жыл толған аталған мекеменің айтуынша, "қаржылық мекеме басшылығы банк мүддесі үшін Ресей мен Беларуське қатысты барлық қызмет түрін тоқтатып, қайта қарастыру туралы шешім қабылдаған". Ресей – Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкінің негізін қалаушылардың бірі және дауыс саны жағынан Қытай мен Үндістаннан кейін үшінші орында тұр.

Ресей экономикасы Украинадағы соғысқа байланысты салынған қаржылық және халықаралық санкциялардан зардап шекті. Сарапшылар Пекинді барған сайын халықаралық қауымдастықтан оқшауланып бара жатқан Мәскеудің сауда әрі дипломатиялық әріптесі санайды.

10:38 5.3.2022

5 НАУРЫЗДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

  • Ресей билігі қарулы күштері жайлы жалған ақпарат таратқандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жайлы заң қабылдағаннан кейін америкалық CBS News пен ABC News арналары Ресейге хабар таратуды доғаруды ұйғарды. Канаданың CBC корпорациясы да осындай шешім қабылдағаны туралы мәлімдеме таратты;
  • Сингапур банктер мен қаржы мекемелеріне ресейлік төрт ұйым – ВТБ, ВЭБ.РФ, "Промсвязьбанк" және "Россия" банктерімен бизнес жүргізуге тыйым салды. Мұндай шешім Ресейге қарсы салынған санкция аясында қабылданды деп хабарлады Сингапур сыртқы істер министрлігі;
  • Әлемде құрылыс техникасын шығаратын ең ірі компаниялардың бірі – Жапонияның Komatsu компаниясы Ресейге өнім сатуын тоқтатады;
  • Францияның қымбат бұйымдар шығаратын LVMH, Hermes, Kering және Chanel компаниялары Ресейдегі сауда-саттығын тоқтата тұруды ұйғарды.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG