Accessibility links

Ақтөбеде "дәрігер әйелді зорлап өлтірді" деп айыпталған еркек ұзақ жылға соттады


Дәрігер әйелді өлтірді деп айыпталған еркектің сотында үкім оқылған сәт. Ақтөбе, 11 қазан 2024 жыл.
Дәрігер әйелді өлтірді деп айыпталған еркектің сотында үкім оқылған сәт. Ақтөбе, 11 қазан 2024 жыл.

11 қазанда Ақтөбе соты "дәрігер әйелді өлтірді" деп айыпталған ер адамды 22 жылға түрме жазасын кесті.

Тергеу материалдарына қарағанда, Атырау облысының тумасы Ерлан Ерғалиев Ақтөбедегі облыстық аурухананың дәрігер-эндокринологы Мөлдір Томаровамен әлеуметтік желіде танысқан. Атыраудан Ақтөбеге арнайы келген жігіт дәрігерге көңіл білдіре бастайды. "Үйіне гүл жіберіп, жұмыстан күтіп алып, қыр соңынан қалмай қойған" жігіттен мезі болған әйел полицияға шағым жазған. Осы шағым негізінде 2023 жылы 6 маусымда Мөлдір Томарованы қорғау нұсқамасы беріледі. Тергеу құжатына сай, Ерғалиев Томарованы мазаламауы тиіс болған. Алайда қорғау нұсқамасының талаптары сол күні бұзылған. Ертеңінде, яғни 2023 жылғы 7 маусымда Ерғалиевтің ісі Ақтөбенің әкімшілік сотында қаралып, оған ескерту берілген.

Қайғылы оқиға 2024 жылы 22 сәуірде дәрігер әйелдің қызметтік пәтерінде болған. Тергеу 35 жастағы Ерғалиев дәрігерді өлтіруге алдын-ала дайындықпен келген деп санайды. Айыптау актісіне қарағанда, ол құрылыс дүкенінен биіктігі екі метрлік жиналмалы саты сатып алып, 2-қабаттағы балконнан Томарованың үйіне кірген. Таңғы төрт шамасында әйелді зорлап, жүрек тұсына 24 рет пышақ сұққан.

Кісі қолынан қаза болған әйелдің әкесі Қалыбай Томаров "соққының күшті болғанын" айтады. Томарованың шыңғырған дауысын естіген көршілері полиция шақырған. Оқиға орнынан қашар алдында Ерғалиев полиция қызметкерін де жаралаған.

Сот процесі жабық өтті. Ерлан Ерғалиев Қылмыстық кодекстегі "Адам өлтіру", "Зорлау", "Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу", "Билік өкіліне күш көрсету" баптарымен сотталды. Прокуратура Ерғалиевті 25 жылға соттауды сұраған. Сот оның қылмысты ішінара мойындағанын, бұрын сотталмағанын ескеріп, 22 жылдық түрме жазасын кесті. Сот үкімі күшіне енсе, Ерғалиев жәбірленуші тарапқа 20 млн теңге моральдық шығын төлеуі тиіс.

Сотталушы үкімге разы емес. Апелляция алқасына шағымданатынын айтты. Ерғалиевтің адвокаты Гүлнара Өтеуова "Тергеу айыптау мақсатында біржақты жүргізілді. Қосымша тергеу амалдарын жүргізу туралы өтінішіміз ескерілмеді. Соның бәрі соттың ауыр жаза кесуіне әкеп соқты" деді.

Үкімге жәбірленуші тарап та разы емес. Марқұм дәрігердің әкесі Қалыбай Томаров "мұндай жауызды өмір бойына түрмеге қамау керек" деп санайды. Жәбірленушілер де апелляция алқасына шағымданбақ.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдердің ер адамдардың қолынан қаза табуы ең үлкен мәселелердің бірі саналады. БҰҰ дерегінше, елде жылына кемі 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG